Біз кімбіз?
Төмендегі батырманы шерту арқылы сіз үшінші тарап сайтының (YouTube) мазмұнын көруге және жеке деректеріңіздің YouTube жекелік саясатында көрсетілгендей тасымалдануы мен өңделуіне келісесіз.
LibreOffice — қауымдастық басқаратын және әзірлейтін бағдарламалық қамтама, сондай-ақ ол коммерциялық емес The Document Foundation ұйымының жобасы болып табылады. LibreOffice — еркін және ашық бастапқы коды бар бағдарламалық қамтама, ол бастапқыда OpenOffice.org (әдетте OpenOffice ретінде белгілі) жобасына негізделген және OpenOffice.org жобасының ең белсенді дамып келе жатқан мұрагері болып табылады.
LibreOffice-ті сіз сияқты Еркін бағдарламалық қамтама принциптеріне сенетін және өз жұмысын әлеммен шектеусіз бөлісетін пайдаланушылар әзірлейді. Бұл принциптердің негізінде төрт негізгі бостандық және The Document Foundation ұйымының Келесі онжылдық манифесінің [PDF] қағидалары жатыр.
Біз пайдаланушылардың біз тарататын бағдарламалық қамтаманы іске қосуға, көшіруге, таратуға, зерттеуге, өзгертуге және жақсартуға еркіндігі болуы керек деп санаймыз. Біз LibreOffice бағдарламалар жиынтығын тегін жүктеп алуды ұсынсақ та, Еркін бағдарламалық қамтама — бұл ең алдымен баға емес, бостандық мәселесі. Біз бұл бостандықтарды қорғаймыз, өйткені оларға әрбір адам лайықты деп сенеміз.
Біз цифрлық теңсіздікті жоюға және барлық адамдарды толыққанды азамат ретінде мүмкіндіктерін кеңейтуге, ана тілдерінің сақталуын қолдауға, меншікті бағдарламалық қамтама мен пішімдерге тәуелділіктен аулақ болуға тырысамыз. Біз өз мақсаттарымызға жету үшін келесі жұмыстарды атқарамыз:
- біздің кеңселік өнімділік саймандарымызға тегін және шектеусіз қол жеткізуді қамтамасыз ету
- бағдарламалық қамтамамызды өз тілінде аударуды, құжаттауды және қолдауды ынталандыру
- ашық және айқын өзара сараптама процестері арқылы ашық стандарттар мен еркін бағдарламалық қамтаманы жасауды және дамытуды насихаттау және оған белсенді қатысу
Біздің қауымдастық мүшелері әртүрлі жерден шыққанына қарамастан, біз бәріміз жеке таңдау мен айқындықты бағалаймыз, бұл іс жүзінде кеңірек үйлесімділікке, көбірек пайдалылыққа және соңғы пайдаланушының бір өнімге тәуелді болмауына әкеледі. Еркін бағдарламалық қамтама меншікті баламаларға қарағанда жақсы сапаны, жоғары сенімділікті, жоғарылатылған қауіпсіздікті және үлкен икемділікті қамтамасыз ете алады деп сенеміз.
LibreOffice артында тұрған қауымдастық — бұл жобаның жүрегі, онсыз бізде бағдарламалық қамтамамызды әрі қарай дамытуға ресурстар болмас еді. Әрбір адамның қауымдастыққа әкелетін құштарлығы мен жігері көбінесе өз үміттерімізден де асып түсетін бірлескен әзірлеуге әкеледі. Жобадағы ондаған әртүрлі, бірақ маңызды рөлдермен біз барлығын жұмысымызға қосылуға шақырамыз және LibreOffice-ті баршаға танымал және қол жеткізуге болатындай етуге көмектесуге шақырамыз.
Өз қауымдастық мүшелеріміз әзірлеген The Document Foundation жарғылары біздің жұмыс істеу тәсілімізді бағыттайды және жаңа мүшелерді бүкіл қауымдастыққа да, өздеріне де пайдалы болатындай үлес қосуға ынталандырады. GNU Lesser General Public License, Mozilla Public License және Creative Commons Attribution-ShareAlike License сияқты copyleft лицензияларын пайдалану арқылы біз сіздің әзірлеуші және мазмұн жасаушы ретіндегі құқықтарыңызды қорғауға міндеттенеміз.
LibreOffice жобасына кімдер үлес қосқанын көргіңіз келе ме? Біздің Алғыстар бетіне өтіңіз. Жақында ол жерден сіздің атыңызды көреміз деп үміттенеміз!
Қауымдастық сіздің құқықтарыңызды қалай қорғайтыны және коммерциялық емес The Document Foundation ұйымы LibreOffice сияқты жобаларды қалай басқаратыны туралы көбірек білу үшін біздің Жекелік саясатымызды және Құқықтық ақпаратты қараңыз.
Біздің қауымдастық туралы көбірек біліңіз
Қасыңыздағы LibreOffice қауымдастық мүшелерін табу үшін біздің қоғамдастық картасын қараңыз!