Жиі қойылатын сұрақтар
Ескертпе: Бұл бет LibreOffice жүктеп алу, оның лицензиясы және жобаның жұмыс істеуі туралы жалпы сұрақтарға арналған. Бағдарламалық қамтаманың өзі бойынша техникалық көмек алу үшін біздің викидегі FAQ бетін, сонымен қатар Ask LibreOffice веб-сайтын қараңыз.
- Мен демеушілік еттім, бірақ LibreOffice-ті әлі де жүктей алмай жатырмын - оны қайдан алуға болады?
- LibreOffice неге тегін? Мұнда бір гәп бар ма?
- LibreOffice-ті бизнес мақсаттарымда қолдана аламын ба?
- LibreOffice құрамында неге электрондық пошта клиенті жоқ?
- Сіздер белгілі бір функцияны қосасыздар ма?
- LibreOffice-тегі мәселе туралы қалай хабарлауға болады?
- Мен LibreOffice-тің дүкенде немесе интернетте сатылып жатқанын көрдім - ол сіздерден бе?
Мен демеушілік еттім, бірақ LibreOffice-ті әлі де жүктей алмай жатырмын - оны қайдан алуға болады?
Ең алдымен, демеушілік еткеніңіз үшін рақмет! Біз оны жоғары бағалаймыз. Демеушілік ету ерікті болып табылады және сіз LibreOffice-ті әрқашан тегін жүктей аласыз. Жүктеу бетінен “Жүктеу” батырмасын шерткеннен кейін, келесі беттегі демеушілік туралы хабарламаның үстінен мынадай сілтемені көресіз:
LibreOffice-ті жүктеуді бастау үшін сілтемені шертіңіз. Егер мәселелер әлі де болса, браузер, операциялық жүйе немесе қауіпсіздік бағдарламалық қамтамасы жүктеуге кедергі жасап тұрмағанын тексеріңіз. Сонымен қатар, download@libreoffice.org адресіне операциялық жүйеңіздің нұсқасын жіберу арқылы хабарласа аласыз, біз сізге тікелей сілтемені жібереміз.
LibreOffice неге тегін? Мұнда бір гәп бар ма?
LibreOffice - бүкіләлемдік қауымдастық әзірлеген тегін және ашық бастапқы коды бар бағдарламалық қамтама. Сіз бағдарламалық қамтаманы Mozilla Public License 2.0 лицензиясына сәйкес қолдана, бөлісе және өзгерте аласыз. LibreOffice тегін, өйткені оның айналасындағы қауымдастық ашық стандарттар мен цифрлық алшақтықтарды жоюға – барлығына қуатты, ашық бастапқы коды бар саймандарға қол жеткізуге мүмкіндік беретін әлем құруға мән береді.
LibreOffice-ті бизнес мақсаттарымда қолдана аламын ба?
Иә - үйдегі кеңсеңіздегі бір компьютер болсын немесе кәсіпорындағы 10 000-нан астам компьютер болсын, LibreOffice-ті ешқандай лицензиялық төлемсіз қолдана аласыз. Үлкен көлемде енгізу үшін LibreOffice әзірлеушілері, кеңесшілері және кәсіби тренерлері ұсынатын кәсіби қолдау опцияларын қарастыруды ұсынамыз.
LibreOffice құрамында неге электрондық пошта клиенті жоқ?
Қазіргі уақытта LibreOffice ішінде электрондық пошта клиентін әзірлеу жоспарда жоқ, өйткені қазірдің өзінде керемет тегін және ашық бастапқы коды бар бағдарламалық қамтама электрондық пошта клиенттері қолжетімді. Біз негізгі өніміміз болып табылатын LibreOffice-ке көбірек көңіл бөліп, қолданыстағы шешімдермен интеграцияны жақсартуға тырысамыз.
Сіздер белгілі бір функцияны қосасыздар ма?
LibreOffice ашық бастапқы кодты болғандықтан және қауымдастықпен әзірленетіндіктен, әзірлеушілер өз қажеттіліктеріне (немесе тапсырыс берушілердің қажеттіліктеріне) қарай қай функцияларды қосқысы келетінін өздері таңдайды. Егер сіз белгілі бір жаңа функцияны көргіңіз келсе, сол функцияны іске асыру үшін сертификатталған әзірлеушілерді қаржыландыруды қарастырыңыз. Немесе, егер техникалық қабілетіңіз болса, ат салысып және қауымдастықтың қалған мүшелерімен бірге жаңа функциялармен жұмыс істей аласыз. Біз сіздің көмегіңізді бағалаймыз және күтеміз!
LibreOffice-тегі мәселе туралы қалай хабарлауға болады?
Егер сіз LibreOffice-тен қате тапсаңыз және ол туралы біздің сапаны қамтамасыз ету (QA) қауымдастығына хабарлағыңыз келсе, қате трекерін қараңыз. Есеп жіберген кезде оның бағдарламалық қамтаманың соңғы нұсқасына әсер ететінін тексеріңіз, егер солай болса, есебіңізде көптеген мәліметтерді беріңіз - операциялық жүйе нұсқасы, мәселені қайталаудың нақты қадамдары және қажет болса, скриншот(тар). Рақмет!
Мен дүкенде немесе интернетте сатылымда тұрған LibreOffice-ті көрдім - ол сіздерден бе?
Жоқ сияқты. LibreOffice — бұл еркін және ашық бастапқы коды бар бағдарламалық қамтама және ол лицензияға сәйкес басқа адамдармен қайта таратылуы мүмкін. Бірақ егер сіз The Document Foundation ұсынған ресми нұсқасын алғыңыз келсе, оны әрқашан біздің веб-сайттан жүктеп алуыңыз керек. Кейбір сертификатталған әзірлеушілеріміз ұзақ мерзімді қолдау опциялары бар LibreOffice-тің өз нұсқаларын ұсынатынын ескеріңіз.